Түркістан облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры Сейфолла Бақыт Төлеби ауданына арнайы келіп, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың тұрмыс жағдайымен танысты. Шұғыл құрылған жұмысшы топ құрамында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Пробация қызметтеріне басшылық жасау бөлімінің басшысы Асқар Қамбарбаев, аудан прокуратурасының прокуроры Ерболат Қасым , аудандық полиция және пробация қызметі бөлімі қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган мамандары, психологтар бар.
Жұмысшы топ қайта қылмыс жасауға бейім «жоғары тәуекелді» сотталған азаматтардың мекенжайын аралап, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайымен танысты. таныстырылған мекенжайлар бойынша хаттама түзіліп, ондағы айтылған тапсырмалардың орындалу туралы мәлімет беру тапсырылды. отбасылық жағдай төмен бір отбасының балаларының, әйелінің құжаттарын туралап, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға және өзге де әлеуметтік көмек түрлерін беру ұсынылды. Отбасындағы жас босанған әйелге және қызына психологиялық көмек көрсетілді.
Келесі мекенжайдағы сотталған азаматшаның тұрмыс жағдайы зерделеніп, денсаулығына байланысты жеделжәрдем шақыртылды. Жұқпалы аурулар ауруханасына жолданып, зертханалық сараптамалар жасалынды. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша аудандық Мансап орталығының басшысы Ә. Жамалбеков түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, сотталғандарға жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан шектеу түріндегі жазалары бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылуы мүмкін екендігі туралы ескертілді.