Төлеби ауданы Ленгер қаласында аудандық «Мансап орталығы» ғимаратында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің республика деңгейінде «Еңбек күні» мерекесін атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, ауданының жұмыссыз азаматтарына, пробациялық қызметте есепте тұрған азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтті.
Ауданда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жоспар бойынша 3-ші рет өтіп жатыр. Жәрмеңке өткізудің басты мақсаты жұмыссыз азаматтар санын азайтып, оларды жұмыспен қамту және жұмыспен қамту шараларының жоспарын орындау.
Аталған іс-шараға қатысушының бірі Әлімқұл Берік Өмірзақұлы Көксәйек елді мекенінің тұрғыны «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жолдама алды.
— Мен Көксәйек ауылында Төлеби мектебінде білім алдым. 2019 жылы мектепті бітіріп, биыл Орталық Азия Инновациялық Университетінің «Дене шынықтыру» факультетін тәмәмдәдім. Бүгін жәрмеңкеден өз мамамдығым бойынша бос жұмыс орны табылып, жолдама алдым. Сіздерге үлкен рахмет осындай жәрмеңке ұйымдастырып, біз сияқты тәжірибесі жоқ жастарға мүмкіндік беріп жатқандарыңызға, — деді Берік Өмірзақұлы.
Төлеби аудандық «Мансап орталығының» директоры А.Жамалбеков жәрмеңке қорытындысымен бөлісіп, іс-шара барысында жұмыс беруші және жұмыс іздеушілердің арасында ашық сұхбат болғанын атап өтті.
— Бүгінгі жәрмеңкенің арқасында жұмыссыз азаматтар саны азайды. Жұмыс беруші мекемелер өздеріндегі бос жұмыс орындарымен халықты таныстырып, жұмыс ұсынды. Ұйымдастырылған жәрмеңке жұмыспен қамту шараларының жоспарын орындауда біршама септігін тигізді. Тағы бір атап өтетін жәйт пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған азаматтарға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі бұл азаматтарға лайықты жұмыс орнын табу оңай емес, — дейді орталық директоры.
Төлеби ауданы бойынша 59 жұмыс беруші мекеме 217 бос жұмыс орындарын ұсынған. Жәрмеңке барысында 58 адам тұрақты жұмыс орнына, 1 адам қоғамдық жұмысқа және 13 адам жастар практикасына жолдама алды. Алдағы уақытта жылдың соңына дейін 900 адамға тұрақты жұмысқа, жастар практикасы бойынша 160 адамға жолдама беру жоспарланып отыр.
Сұрақтар бойынша Төлеби аудандық «Мансап орталығына» 6-30-95 номер бойынша хабарласуға болады.