Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жастар практикасы — жұмыс табудың мүмкіндігі

Жастар практикасы — жұмыс табудың мүмкіндігі

Жастар практикасын оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне бес жылдан аспаса болғаны.
Жастар практикасының мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру.
Практикаға қабылданып, жұмыс берушіге жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Жұмыс берушіге жауапкершілігі мен ынтасын, талабын таныта алса, жаңа қызметке ие болмақ. Жастар практикасына қабылданған жас 12 ай бойы практикада болады. Осы уақыт арасында нәтиже шығарғаны жөн. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді. Жастар практикасына жолданған азаматтардың басым көпшілігі сол жұмыс атқарған мекемесінде тұрақты жұмысқа орналасып қалуда.
Ал орналаса алмағандарға Мансап орталығы басқа жұмыспен қамту шараларын қарастырып көреді. Мәселен басқа мекемеге тұрақты жұмысқа жолдау немесе «Enbek» электронды биржасы арқылы жұмысқа орналасуға өтініш беру.
Жастар практикасына қатысқысы келген азамат Төлеби аудандық Мансап орталығына келіп жұмыссыз ретінде тіркеледі. Орталық мамандары қатысудың шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсіндіреді. Ол үшін жеке куәлік, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжатымен Мансап орталығына өтініш береді. Жеке басын куәландырғаннан және «Еңбек биржасы» ААЖ-ға деректерді енгізгеннен кейін құжаттар өтініш берушіге қайтарылады.
Жастар практикасына келген азаматтың өзі де қай мекемеде тағлымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдірсе болады.
Жалақының бір айдағы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде кемінде 30 (отыз) айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жалақы толық мемлекет есебінен жүргізіледі.
Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.
Жастар практикасынан өту кезеңі азаматтың еңбек өтіліне есептеледі.
Төлеби ауданы Кеңесарық ауылының тұрғыны Қалықызы Мейрамкүл жастар практикасымен Төлеби аудандық ауруханасында мейірбике мамандығы бойынша тағлымдамадан өтіп, бүгінгі таңда осы мекемеде өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс атқаруда.

Пікір жазу