Бүгін Түркістан сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жаңадан сайланған депутаттарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан Облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Бүгін әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін шешімдер қабылданды. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырғандай, Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Сол бойынша қоғамды жұмылдырылып отырмыз. Осы бастаманы қолдауға шақырамын. Өйткені біз өзіміздің мәдениетімізді қалыптастырып алмасақ, қоғам өзгеріп бара жатыр. «Қоршаған орта қандай болса, сол жерде тұратын адамның мінезі де сондай» деп жатады. Бұл игі істерді өмірлік дағдыға айналдырған жөн. Үкімет басшысының төрағалымен өткен жиында батыс өңіріне техника жетіспеушілігі айтылған болатын. Теміржолмен келістік. Біз ертең 100 шақты техника жіберуді жоспарлап отырмыз. Осыған қатысты ұсыныстарыңыз болса айта отырыңыздар. Арыс пен Мақтааралдағы жағдайда бізге де ел болып қол ұшын созды. Біз де тыста қалмай, атсалысайық, – деді облыс басшысы.
Сессия жұмысын жүргізіп отырған мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды таныстырды. Жиынға облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 18 мәселе қаралды. Оның ішінде Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы мен Дін істері басқармасы басшыларының, облыстық мәслихат төрағасы мен тұрақты комиссия төрағаларының есептері зерделенді. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
© Didarbek.kz