Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: 4500-НАН АСТАМ ТҰРҒЫН АТСАЛЫСТЫ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: 4500-НАН АСТАМ ТҰРҒЫН АТСАЛЫСТЫ

8 сәуір күні елімізде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті. Экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде.
Қаламызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау, аялдамаларды жуу,шөп ору, абаттандыру шаралары да жалғасып жатыр.
Ғабит Әбдімәжитұлы қаламызға деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.

Пікір жазу