Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында халыққа медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдарға берілетін алдын ала төлемді алғаш рет 70%-ға дейін көтергендерін мәлімдеді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалының әдеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды. Мұндай шаралар медициналық ақпараттық жүйелерді жаңарту кезеңінде емханалардың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін қабылданды. Қазір Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтердің мониторингі мен сараптамасы үшін ақпараттық жүйелері пысықталып, Қордың «SAQTANDYRY» ақпараттық жүйесінің төлем бөлігі әзірлену үстінде.
Осыған байланысты нақты көрсетілген жұмыстардың аяқталу қорытындысы бойынша медициналық қызметтер қаржыландырылатын болады. Жағдайды ескере отырып, алдын ала төлем көлемін стандартты 30%-дан 70%-ға дейін, ал медициналық қызметтерді жаңа жеткізушілер үшін 30%-ға дейін (олар бойынша осыған дейін алдын ала төлем берілмеді, төлем жасау мүмкіндігі үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді) арттыру жөнінде шаралар қабылданды. 22 сәуірдегі көрсеткіш бойынша 191 медициналық қызметті жеткізуші 1,6 млрд теңгеден астам сомаға алдын ала төлем алды, – деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова. Сонымен қатар 16 сәуірден 22 сәуірге дейінгі аралықта БСМК, әлеуметтік маңызы бар аурулар, паллиативтік көмек, гемодиализ, жедел медициналық көмек сияқты басым бағыттар бойынша 40%-ға дейін қосымша алдын ала төлем берілді. Барлығы 765 медициналық ұйым шамамен 159,5 млрд. теңге алды.
Жалпы алғанда 956 медициналық ұйымға 161,1 млрд теңге қосымша алдын ала төлем төленді. Осылайша, Қордың 1960 жеткізушісінің 1859-ы немесе 95%-ы алдын ала төлем алды. Қалған 101 медициналық ұйым жаңа жеткізушілер болып табылады және медициналық қызмет көрсетпеулеріне байланысты алдын ала төлем алудан жазбаша бас тартты. Ал төртеуімен келісімшартты бұзу рәсімі басталды. Медициналық ұйымдарға алдын ала төлемдерді төлеу жұмыстары жалғасуда.