Үшінші мегаполис Шымкент қаласы күннен-күнге көркейіп келеді. Қалаға келетін туристер саны артқан сайын оларға ұсынылатын көрікті жерлер де көп болғаны абзал. Осыған орай, еліміздегі үшінші мегаполисте көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына қала билігі барынша басымдық беріп келеді.
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев салада 2023 жылы және 2024 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. «Түркістан» сарайында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, мәдениет саласы мамандары, зиялы қауым, аудан әкімдіктерінің сала бойынша мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқарма басшысы алдағы уақытта мәдениет мекемелерін әр ауданның меншігіне беруді, сол арқылы әр ауданның мәдениетін, іс-шара ұйымдастыру деңгейін көтеруді ұсынды.
Қала әкімінің орынбасары бұл ұсынысқа оң пікірін білдірді.
С.Құранбек мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді айтып өтті. Қалада 6 теарт болса, тек Орыс драма театрының ғимараты талаптарға сай келеді. Қалған 5 нысанның техникалық базасынан бөлек, ғимараттың өзі талаптарға сай келмейді. Ал, «Түркістан» сарайына әлі күнге дейін жылу берілмеген.
Шымкент қаласындағы «Салт-дәстүр» орталығы Түркістан облысының меншігіне берілген. Осыған орай қала орталығынан домбыра бейнесінде жасалған нысан құрылысын бастау жоспарланыпты. Бірінші қабатында қажетті кабинеттер және керекті заттар орналастырылса, жоғары қабатынан бүкіл қала көретіндей болмақ.
Жиынға қатысушылар қала әкімінің орынбасарына ұсыныстарын, талап-тілектерін жеткізді.
Алқа мәжілісінде мәдениет саласындағы бірнеше мәселе айтылды. Жұмыс нәтижесі келер күннің еншісінде қалмақ.
Жалпы, Шымкент республикалық маңызды қала мәртебесіне ие болғаннан бері қала аумағында өзгеріс көп. Жасыл қала атауына лайықты болу бағытында жұмыстар қарқын алып, демалыс орындарының қатары толығып жатқаны қуантады,- дейді шымкенттіктер.