Шымкентте Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай «Кітап оқу – озық ойлы ұлт болу» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Әдеби кешке қонақ ретінде түрлі саланың майталмандары қатысты. Олардың қатарында жазушы, тарихшы М.Әбдәкімұлы, «Ақылдым» республикалық балалар журналының редакторы Б.Нарымбетова, ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Ғ.Есболаев бар.
Іс-шара барысында жас таланттардың орындауында әндер, әдеби композициялар, күйлер орындалды.
—Бүгінгі кештің мақсаты кітапты, кітапхананы, жазушыларды дәріптеу, қала тұрғындарының назарын кітап оқуға аудару. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен ділімізді сақтап қалуда отандастарымыз кітап оқуға талпынуы керек. Мектеп оқушыларының, студенттердің, жас буын өкілдерінің кітап оқуға деген махаббатарын ояту қажет,– деді кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова.
Айта кетейік, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні еліміздің барлық қалаларында аталып өтуде.
Сонымен бірге, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай кәсіпкер, жазушы Данияр Амангелдіұлы Беркімбаевтың «Нар тәуекел» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен, «Miras» аймақтық кеңесі мен Абай кітапханасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, Қазақстанның құрметті жазушысы Момбек Әбдәкімұлы, Шымкент қалалық маслихатының депутаты Қайрат Имашев және Шымкент қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова жиынның құрметті қонағы болды.
Келген қонақтар авторға құттықтауларын айтып, шығармашылық табыс тіледі.