Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге еліміздің әр аймағынан құтқарушылар мен арнайы техникалар жіберілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары да көмекке аттанған. Атырау облысында бір аптадан астам болған мамандар барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде.
Әкімдікке қарасты басқармалар мен жеке компаниялар 200 бірлік техниканы теміржол платформаларына тиеп, жөнелтті. Елді мекендерді тазартуға жүк көліктері, экскаваторлар, жүк тиегіштер мен бульдозерлер жұмылдырылуда. Құтқарушылар жүк тиегіштері мен жүк көліктерін пайдаланып, Исатай ауданындағы елді мекендерді тілсіз жаудан аман алып қалу үшін Жайық өзенінен арналар мен бөгеттер орнатуда. Гуманитарлық жүктерді тасымалдау үшін ауыр көліктер қолданылып жатыр.
Алмалы кентіндегі жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге, Құлсары қаласындағы суды соруға және қорғаныс құрылыстарын салуға ауыр техникалардың көмегі зор. Жергілікті тұрғындар шымкенттіктерге гуманитарлық көмек үшін алғыс білдіруде.
Елімізде болып жатқан соңғы төтенше оқиғаларға байланысты барлық өңірлерде «Жүректен жүрекке», «Күшіміз бірлікте» деген ұранмен гуманитарлық көмек көрсету акциялары өткізілуде. Жеке кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының атсалысумен Шымкент қаласында да белгіленген пунктерге қажетті тұрмыстық заттар мен қаржылай көмектер жиналды.
Бұл тұрғыда жастар жағыда белсенділік танытқан. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады деген студенттер алдағы уақытта да көмек қолын созуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінге дейін Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығынан онға жуық ерікті эвакуацияланған өңірлерге барып, азаматтарға қолдау көрсеткен.