Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ АВТОБУСТАРДА ТЕГІН ЖҮРЕТІН ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ШЕШІМІН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚОЛДАДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ АВТОБУСТАРДА ТЕГІН ЖҮРЕТІН ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ШЕШІМІН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚОЛДАДЫ

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясында азаматтардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жолақыны тегін ету мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттары қала басшысының бұл шешіміне қолдау білдірді. Жергілікті халықты әсіресе, оқушылардың тегін қатынайтыны қуантып отыр. 1 мамырдан бастап енгізілетін мүмкіндік қолдауды қажет ететін бірқатар санаттарды да қамтыды.
Жолаушылар көлігінің сапасы да қала әкімінің жіті бақылауында. Мәслихат отырысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ тұрғындарды баспанамен қамту шаралары, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, құрылыс салаларында атқарылған жұмыстар қаралып, тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Бүгінде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгі иегерлеріне, Тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал 7-18 жасқа дейін мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған.
Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлікте тегін жүретін санаттағы азаматтар қатарын көбейту туралы шешім қабылдады.
1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталғандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болады:
1)Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
3) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
4) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
5) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
6) 1941 жылғы 22 маусым — 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
7) саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiндегі адамдар;
екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
9) мүгедектігі бар балаларға;
10) 70 жастан асқан зейнеткерлер;
11) оқушылар.

Пікір жазу