Шымкентте медициналық ұйымдар МӘМС есебінен қаржылай тұрақтылықпен толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңға 182 мекемеге жылдық қаражаттың 40 пайызы алдын-ала төленген. Емдеу мекемелерімен келісім-шарт негізінде халыққа диагностикалық қызмет көрсететін қосалқы орындаушылардың қызметтеріне төлем жүргізуге де еш кедергі жоқ.
Бұл туралы ӘМСҚ, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ филиалы мен Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы басшылығының кездесуі барысында айтылды.
Тараптар халықты сапалы қызметпен қамту, медициналық мемекемелердің мүддесін қорғау және орындаған қызметтері үшін уақытылы төлеммен қамтамасыз етілуі мәселелерін талқылады. — МӘМС жүйесіндегі талап айқын. Халықты сапалы және қолжетімді жоғары сапалы медициналық көмекпен қамту. Біз үшін әр азаматтың МӘМС аясында өзіне тиесілі медициналық көмегін алуы өте маңызды, — деді ӘМСҚ филиалының директоры Сәбит Құралбек.
Қор өкілдері тарапынан алдын ала төлем қаражаты маңыздылығы басым саналатын қызметкерлер жалақысы, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, науқастарды тамақпен қамтамасыз ету шығындары және бірлесіп орындаушының тарапынан көрсетілген клиникалық-диагностикалық қызметтер ақысына жұмсалатындығы да түсіндірілді.
Кездесу соңында Қор филиалының директоры Сәбит Құралбек пен Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Денсаулық сақтау саласындағы кәсіпкерлердің салалық кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашев халық игілігі үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бірлесе жұмыс атқаруға және ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Еске салсақ, әеуметтік медициналық сақтандыру қорында халыққа медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдарға берілетін алдын ала төлемді алғаш рет 70%-ға дейін көтергендері хабарланған еді. Мұндай шаралар медициналық ақпараттық жүйелерді жаңарту кезеңінде емханалардың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін қабылданды.
Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтердің мониторингі мен сараптамасы үшін ақпараттық жүйелері пысықталып, Қордың «SAQTANDYRY» ақпараттық жүйесінің төлем бөлігі әзірлену үстінде. Осыған байланысты нақты көрсетілген жұмыстардың аяқталу қорытындысы бойынша медициналық қызметтер қаржыландырылатын болады.