Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, мұнай өнімдерін бақылау нәтижесінде осы саладағы заңсыздықтың алдын алуға болады.
Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесуінде айтылды.
«Қазіргі таңда «ПҚОП» ЖШС 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда бензин өнімін – 55 мың тоннаға, дизельді 9 мың тоннаға көп шығарды. Жалпы, зауыт былтыр 2 млн 82 000 тонна жанармай, 2 млн 2 000 тонна дизель шығарып, сол көлемде сатты.
Қазіргі таңда қалада 196 АЖБ тіркелген. Онда биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 72 000 тонна дизель сатылған. Бұл – былтырмен салыстырғанда 110 пайызға көп. Шымкентте жанармайға ай сайынғы қажеттілік 24 000 тонна болса, дизель отыны, маусымына қарай, 11 000-нан 15 000 тоннаға дейін қажет.
Жалпы, бұл мәселелер біздің департамент тарапынан үнемі бақылауда. Камералық бақылау көрсеткіштерінің нәтижесінде біз былтыр мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз сатқан екі заңды тұлғаны анықтадық, олар мазут өнімдерінің шығу тегін көрсетпей сатқан.
Ол бойынша материалдар экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Оған қоса анализ бойынша 2023 жылы бір АЖБ-де 5,4 тонна дизельдің тиісті құжатсыз сатылып жатқанын анықтадық. Қазіргі таңда Шымкент мұнай өнімдерін өңдеу зауытында есептеу-бақылау құралы орнатылып жатыр, ал 1 шілдеден бастап бұл құрал қалған мұнай базаларында орнатылуы тиіс. Сонда мұнай өнімдеріне мемлекеттік кірістер департаменті жағынан бақылау жасау жеңіл болады», – деді Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Руслан Жазықбаев.
«Биыл 2023 жылмен салыстырғанда жанармай тапшылығы бойынша арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Дегенмен, бізде жоспарлы және жоспардан тыс талдау жұмыстары жүргізілуде. Әзірге құқық бұзушылық анықталмады. Жылда жанармай тапшылығы болатын еді, биыл тиісті жұмыстар нәтижесінде әзірге ондай тапшылық орын алмады. Оған қоса сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік субъектілерге бөлуде теңдік принципі және ереже сақталуы тиіс. Жуырда автогаз сатушы мекемелер қауымдастығының басшылығынан газды бөлу бойынша арыз түсті. Біз тиісті тексеру жүргізіп жатырмыз», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Ернар Қосбаев.
Жиынды қорытындылаған Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы жанар-жағармай тапшығын болдырмау және мұнай өнімдерін сату саласындағы заңсыздықтың алдын алу бойынша біріккен жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруды ұсынды.