Еліміздің үшінші мегаполисінде Отан қорғаушылар күнін ерекше форматта атап өтті. Бұл күні Шымкенттегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасының аумағы «Отан қорғаушы» мамандығы бойынша қызмет еткен, қызмет ететін немесе алдағы уақытта қызмет ететін барлық адамдардың бас қосу орнына айналды. 7 мамырда 35748 әскери бөлімінде погон таққан барлық адамдардың кәсіби мерекесіне арналған «Ашық есік» күні өтті. Іс-шараға Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің барлық әскери қызметшілері отбасыларымен, Қарулы күштер мен жергілікті соғыс ардагерлері, оқушылар мен студенттер қатысты.
Ашық есік күнінің форматы бөлімнің бүкіл аумағын қамтыды. Әскери техника паркінде үшінші мегаполистің әскери бөлімдерінде қолданыста жүрген қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі ұйымдастырылды.
Саптық алаңда салтанатты, далалық және жауынгерлік жабдықтардағы әскери қызметшілердің қораптары, ал оларға қарсы жыл мезгілдері мен жер бедерінің ландшафтына байланысты арнайы тапсырмаларды орындау үшін пайдаланылатын әртүрлі экипирофкадағы жауынгерлер тізіліп тұрды.
Гарнизон жауынгерлерін құттықтау үшін арнайы келген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков саптық шеру алаңынан гарнизон бастығы полковник Әмірқожа Айтқожиннің салтанатты іс-шараны өткізуге дайындығы туралы баяндамасын қабылдады. Командир баяндамасынан кейін өңір басшысы жиналған қонақтар үшін құттықтау сөз сөйлеп, біздің жауынгерлеріміз мемлекеттілікті нығайтуға елеулі үлес қосып жатқанын атап өтіп, барлығына бейбіт аспан, бақыт пен отбасыларына амандық тіледі.
— Құрметті Отан қорғаушылар, сарбаздар! Сіздерді айбынды мерекеміз Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты — ел тыныштығын қорғау. Мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан да бұл күн Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, әскеріміздің атағын асқақтатып, еліміздің қуатын айғақтайтын күн! Халықтың қауіпсіздігі мен бейбіт өмір жолында адал қызмет етіп келе жатқан әскери қызметшілерге алғысым шексіз, — деп түйіндеді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Жергілікті билікпен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шарада мінсіз қызметі, жоғары көрсеткіштері, жеке тәртібі үшін, сондай-ақ Отан қорғаушылар күніне орай бір топ әскери қызметшілерге құрмет грамоталары қала әкімінің қолынан табыс етілді.
Бүгінде механикаландырылған бригада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ғана емес, Құрлық әскерлерінде де ірі әскери бөлім болып табылады. Мұнда жеке құрам үшін барлық жағдайлар жасалған. Жеке құрамның дайындық деңгейі және техникалық жарақтандыру тұрғысынан бригада ең үлгілісі болып саналады.