Ана — асыл жан! Ана барда — әлем құлпырады. «Әке- асқар тау», «Ана- өмірдің бастауы». Халық арасында бұл сөздер тектен текке айтылмаса керек-ті. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарды қалай құрметтесек те артық емес.
Осы орайда, бүгін Шымкент қаласындағы бірнеше ауданда 12 мамыр – Аналар күніне орай, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларын табыстау рәсімі өтті. Шымкент қаласында “Аналар” күні қарсаңында, алтын құрсақты аналар құрметке бөленді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 22 сәуіріндегі № 524 Жарлығына сәйкес, Тұран ауданындағы батыр аналарымызға 18 «Алтын алқа» және 52 «Күміс алқа» белгілері табысталды.
–Еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз! Әр адамның арманы-баласын биіктен көру. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін. Отбасыларыңыздың ұйытқысы болып, ақ жаулықты әже атаныңыздар,-деді аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде.
Ал, Абай ауданы бойынша 26 ана — “Алтын алқа” және 101 ана — “Күміс алқа” төсбелгісімен марапатталды. Аудан әкімі әрқайсысына алқаларын тағып, гүл шоқтарын табыстады. Сыйлық иелері аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Биыл алғаш рет атап өтілейін деп жатқан «Аналар күні» қарсаңында Абай ауданындағы мектеп оқушылары мен бала-бақша тәрбиеленушілері арасында көркемсурет байқауы өткізіліп, балалар өздерінің өнерлерін көрсетті.
Байқау соңында балалардың еңбектеріне баға беріліп, марапаттау рәсімі барысында балаларға тәттілер мен сертификаттар табыс етілді.
Барша аналарымызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!