Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: ЖАҢАҚҰРЫЛЫС АУМАҚТАРДЫ 2024-2025 ЖЫЛДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: ЖАҢАҚҰРЫЛЫС АУМАҚТАРДЫ 2024-2025 ЖЫЛДАРЫ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Бүгінгі күнге Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектар құрап, халық саны 228 830 болды. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағынаудан бар. Еңбекші ауданында 728 көше, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үйлер орналасқан. Тұрғындармен тұрақты түрде қарым-қатынаста бола отырып, Еңбекші ауданы әкімінің аппараты келесі жұмыстарды атқаруда.
Аудан аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз сумен 97 пайызға, электр жарығымен 98,3, табиғи газбен 90,7, кәріз жүйесімен 41, асфальт жолмен 73,1 пайызға қамтылған.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Мелиоратор» ЖШС-і мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізді. 2024 жылы Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станция аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік-Жаңақұрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында ЖСҚ әзірлеу жоспарланған. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылды. Ал жаңақұрылыс аумақтарды 2024-2025 жылдары 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарланған.
Халықты спортқа баулу мақсатында да бірқатар істер атқарылған. 2023 жылы 7 спорт алаңшасы тұрғындардың пайдалануына тапсырылса, 2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзілуде. Сондай-ақ, Еңбекші ауданы әкімі аппараты тарапынан 2024 жылы 5 гүлзар салу жоспарлануда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «ВI Group» ЖШС-нің демеушілігімен Жібек жолы көшесінің бойынан қала тұрғындары мен қоңақтарына арналған қоғамдық кеңістік құрылуда.
– Аудан бойынша 283 көпқабатты үйлер 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады. 2024 жылы 47 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке секторда 17 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Қалған абаттандыруды қажет ететін 36 ауланы абаттандыру 2025 жылға жоспарлануда, – дейді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп 57 мекен-жай анықталған. Шымкент қаласының маслихат шешімімен ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 200 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Аудан әкімі абаттандыру, жауын-шашын кезіндегі жиналатын сулар, тұрмыстық қалдықтарды жою жөніндегі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Пікір жазу