Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан, қалаларда Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ ұйымдастыруымен Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында ішкі саясат бөлімінің БАҚ саласына жауапты мамандардың және аудан әкімінің баспасөз қызметінің мамандарының қатысуымен пікір алмасуға арналған жиын өтті.
Кездесуде «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Н. Сариев, орынбасары Е.Ақтаев, «Әлеуметтік желі мониторинг» бөлім басшысы Н.Нұржанұлы арнайы келіп, қала, ауыл округтің әлеуметтік желімен жұмыс жүргізетін жауапты мамандарының жұмыс алгоритмін түсіндірді.
Қазіргі кезде қолына ұялы телефон ұстаған кез-келген азамат әлеуметтік желіден парақша ашып, кез-келген ақпаратты, жаңалықты тарату мүмкіндігіне ие болған. Әлеуметтік желіде таралатын ақпарат ешкіммен ақылдаспай, цензураға ілікпей таралып жатыр. Сондықтан болар, тексерілмеген, жалған ақпарат, қасақана біреуге зиян келтіру мақсатында ақпарат тарату жәйттары да кездесуде.
Сала мамандары мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында ашылған ресми парақшаларға жарияланған сыни материалдарға дер кезінде жауап жазудың тиімді тұстарын әңгімелеп, оқырмандар санын арттырып, позитивты посттарды көбейтуді тапсырды.
Мерзімді басылымдарда кездесетін қателіктерді айтып, түзету жолдарын түсіндірді. Аудан экономикасы, әлеуметтік саласын дамыту үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, маңызды реформалар барысы және елдегі орын алған қоғамдық-саяси оқиғалар туралы әлеуметтік желідегі парақшаларға сапалы ақпарат жариялануы қажеттігін айтты.
БАҚ-да және әлеуметтік желіде осы кезге дейін жарық көрген жалпы ақпарат саны – 183 434. Оның ішінде 180 738 жағымды, 61 сыни, 2 635 бейтарап. Түркістан облысының аудандарынан шыққан жағымды ақпараттарының жалпы саны – 95 138. БАҚ-да және әлеуметтік желіде жарық көрген бейтарап ақпарат саны – 3414. Ең көп Түркістан қаласынан 507 ақпарат жарық көрген.
Жиын барысында сала мамандары қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, өтінштерін назарға алып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.