Түлкібас ауданында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы бағдарламасы аясында игілікті істер атқарылуда. Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, жауапты бөлім басшылары және мамандармен бірге аудан орталығын теңдей екіге бөліп тұрған Тұрар Рысқұлов көшесіндегі тозығы жеткен аркаларды қайта жаңғырту мәселесін талқылады.
Естеріңізде болса осыдан екі жыл бұрын аудан орталығындағы А2 республикалық маңызы бар жолдың шығыс қақпасы толық реттеліп жаңа арка бой көтерген болатын. Ал, батыс қақпа мен екі аралықтағы 5 сәнді дизайндағы аркалар көп жылдан бері жөндеу көрмей, тозығы жеткен.
Осы ретте, биыл аталған аркаларды жаңа дизайнда жаңғырту мақсатында тиісті құжаттары әзірленуде. Әр нысанның басына барып жеке-жеке зерделеу жұмыстарын жүргізген аудан басшысы жауапты мамандарға аркалардың түнгі уақытта жарықтануы, онда ұлттық арнамент пен оюлардың үйлесуін ескере отырып қосымша 2 түрлі дизайн эскизін дайындауды тапсырды.
Келесі кезекте Нұржан Жақсылықұлы аудан орталығын көгалдандыру жұмыстары барысын бақылылап, орталықтың шығыс қақпасындағы көк желек егілген аумаққа табан тіреп, мамандармен бірге тал көшеттерін отырғызуға ат салысты.
Айта кетерлік, аудан орталығының Ақбиік ауылына шығы беріс жағындағы қақпаның екі жағы бірдей қоршалып, ол жерге өткен жылдан бері 700 түп арша, шырша, айлант, қарағай және қараағаш көшеттері отырғызылып, толық тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген.