Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына арнайы іссапармен барып, аймақта іске асып жатқан жобаларды бақылады.
Бірінші кезекте «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-не табан тіреп, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Жылына 100 тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн. тонна цемент өндіретін кешеннің жоба құны 159,9 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда зауытқа қажетті инфрақұрылым толық тартылып, басты нысанның жерін тегістеу жұмыстары атқарылуда. Нысан іске қосылған жағдайда 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.
Сапар барысында Дархан Сатыбалды «Beibars Bottlers» (Бейбарс Ботлерс) ЖШС-нің құрылысымен танысты. Ауыз су және хош иістері бар алкогольсіз сусын өндіретін зауыт жобасының жалпы құны – 9 000 млн теңге, жаңадан 94 адамға жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жобаны орналастыру үшін жер телімі бөлінген, тегістеліп, іргетасы қаланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорынды электрмен, газбен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Тиісті құжаттары әзірленген.
– Бізге кәсіпорындар өте қажет. Жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындарды көбейту, инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер. Сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу керек, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқармалар мен аудан басшыларына тапсырмалар берді.
Іссапар барысында инвестициялық жобаларды көбейту, «Ауыл аманаты» жобасын тиімді үйлестіру, «Таза Қазақстан» акциясын сапалы атқару, көгалдандыру және ауылдардың тазалығын сақтау жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында аудандағы «сақалды» құрылысты қатаң сынға алды. Өңір басшысы осы аймақтағы өзекті мәселенің бірі болған ағын су нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын пысықтады. Бүгінде Түлкібас ауданында «Қазсушар» РМК-ы теңгеріміндегі 13 ағын су каналының күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы қаралған.
Алайда, құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп, кестеге сәйкес атқарылмай, нәтижесінде 125,32 шақырымның 27,75 шақырымы ғана аяқталған. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2023 жылы бітуі тиіс еді.
Қазіргі таңда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «АТК 777» құрылыс мекемесі жеңімпаз атанған. Жауапты тұлғалармен кездескен облыс әкімі кемшіліктер қайталанбауы тиіс екенін қатаң ескертті.
Ауданда 113 канал бар. Күрделі жөндеу жұмыстары кезекпен жүргізіліп жатыр. Құрылыстың ұзаққа созылуы бұл жұмыстарға кедергі болуда.
Республикалық меншіктегі проблемалық 13 су нысаны бар. Олардың басым бөлігі су арналарындағы қайта құру жұмыстарына қатысты.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларының көлемін арттыру тапсырмасын жоғары деңгейде орындауға толық мүмкіндік бар. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданында 2023-2027 жылдар аралығына жоспарланған қарқынды бау шаруашылығын дамыту жұмыстарымен танысты. Бүгінде 80 га жерге алма отырғызылған. Алма бағының аумағы биыл тағы 25 гектарға артпақ. Ауқымды жобаға мемлекет қолдау көрсетіп келеді. 4 жыл ішінде оның көлемі 160 гектарға артпақ. Өңір басшысы сала жетекшілеріне кәсіпкерлерді көптеп тартуды, таулы аумақта алма бақтарының ауқымын арттырып, агрокластер құруды тапсырды.
Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ, жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту.

Пікір жазу