Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ҚАЛА ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ

ШЫМКЕНТ: АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ҚАЛА ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Күн тәртібінде білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз салынған құрылыс нысандары, құжаты рәсімделмеген дүңгіршектер және денсаулық сақтау саласында соңғы 6 айда атқарылған жұмыстар қаралды.
Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева жаңа оқу жылы қарсаңындағы білім ғимараттарының дайындығы туралы баяндады. Қала әкімі тиісті сала басшыларына білім нысандарының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, мектептер мен балабақшалардың жаңа оқу жылына әзірлігін сапалы және мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Әбдірахманұлы Жүнісбеков дүңгіршектерді тиісті құжаттарсыз өз бетінше иеленген жағдайларға тоқталды. Жалпы қала бойынша 577 дүңгіршек анықталған, орнынан алынғаны 228. Тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Аппарат мәжілісі барысында қала басшысы жауаптыларға құжаттандыру жұмыстарын заң аясында жүргізуді бақылап, кәсіпкерлік қызметтің заң шеңберінде ұйымдастырылуын қамтасыз етуді тапсырды.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов заңсыз салынған құрылыс нысандары туралы баяндама жасады. Басқарма тарапынан заңға сәйкес 28 нысанға талап арыздар жолданған, 13 құрылыс нысанына мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шыққан. Қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды заң шеңберінде ұйымдастыруды тапсырды.
Жалпы жиын барысында аудандар мен барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар пысықталып, өзекті мәселелердің шешімі қарастырылды.

Пікір жазу