Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Мәжілісмен орталық жұмысымен танысып, ұжыммен көлік иелеріне қызмет көрсетудің өзекті мәселелерін талқылады.
Шымкент қаласындағы орталық күніне 300-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, 12 мыңға жуық жүргізуші куәлігін берген. Автодром жолдарымен жабдықталған орталықта азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандар тапсырады, сонымен қатар медициналық тексеруден өтіп, көлігін қайта тіркей алады.
Мәжілісмен жауапты мамандармен кездесуде бір тұрғынға 1 сағаттан көп уақыттың жұмсалатынын, халықтың ұзын-сонар кезек күткендігін сынға алды. Ал, бұған мекеме басшылығы базаның істен шыққандығынан деп түсіндірді.
Бүгінге дейін мәселесін шеше алмай келген қала тұрғыны да наразылығын білдірді.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы көлік иелері мен ХҚО қызметкерлерінің мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Ол халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Болатбек Нәжметдинұлы дайын құжаттарды беру секторының, операциялық залдың, автодромның және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты. Кездесу соңында депутат туындаған мәселелерді шешуге, оның ішінде арнаулы әлеуметтік халыққа қызмет көрсету орталықтарының балансында тұрған автодромдарды қаржыландыруға қатысты қажетті қолдау көрсетуге ықпал ететінін айтты.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәселелері туралы заңға қол қойған болатын. Депутаттар бастамашы болған заң азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алатын халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне тиісті жауапкершілік деңгейін қамтамасыз етеді, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау механизмін енгізеді, сондай-ақ азаматтарға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.