Түркістан қаласында «TurkiSTAR» балалар мен жасөспірімдерге арасындағы ән жанры бойынша облыстық өнер фестивалі өтті. Байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі байқау мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер тарапынан ұйымдастырылған үйірмелер арасында өткізіліп отыр. Дарынды балаларға қолдау көрсетуге, өскелең өрендеріміздің шеберлігін шыңдап, өнерге ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш фестиваль халық шығармашылығының бес жанрын қамтиды. Атап айтқанда, ән, музыкалық аспапта орындау, би, актерлік шеберлік және қылқалам, қолөнер шеберлері. Бүгін ән жанры бойынша сынға түсіп жатқан күміс көмей балаларға сәттілік тілеймін! – деді өз сөзінде Ержан Ибадуллаұлы.
Байқауда композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ХҚТУ «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі Әлімбай Ботақараев, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің академиялық вокал жөніндегі маманы Гүлзина Дөңесқызы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының бөлім басшысы Мұрат Жұманов қазылық етті.
Фестиваль ережесіне сәйкес, сайысқа жеке әншілер, вокалдық топтар (дует, трио, квартет) хор ұжымдары қатысты. Үміткерлер өз таңдауы бойынша қазақ композиторларының бір әнін орындады.
Қазылар алқасының шешімімен Келес ауданынан келген Бижан Сырым жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Абай Аймерей, Советбек Айтуар және Исмайл Сезім жүлделі ІІ орын, Кәрімбай Нұрымжан, Рахым Мұстафа, Жұлдыз Сырымқызы және Нұрайым Айдархан ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен «Балдәурен» хор ұжымы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен «Елшуақ» хор ұжымы, «Үкілі үміт» арнайы жүлдесімен Аида Нұрымбет, «TurkiSTAR» арнайы жүлдесімен Еркеназ Сейтбек, Майра Ордабек және Мадина Бекжанқызы марапатталды.