Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков “Иасауи” тұрғын үй кешенінің ауласын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарды тексерді.
Қазіргі таңда мұнда ойын және спорт алаңшаларының қондырғылары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Суғару жүйесі жүргізіліп, үйлердің суағарлары реттелуде.
Қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан кешен аумағы арқылы өтетін қоғамдық көлік қатынасына ыңғайлы жол құрылысының сызбасын ұсынды.
Аралау барысында қала әкімі Саян көшесіне бұрылып, тас төсеу жұмысының сапасын бақылады. Қазыбек би көшесінде жол шетін қоршау жобасын іске асыру жайы да назардан тыс қалмады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, атқарылған жұмыстарды күнделікті тексеретінін ескертті.
Облыс орталығында республикалық акцияның «Киелі мекен» апталығы аясында тарихи орындар тазалануда.
Бүгін акцияға үлес қосқысы келетін тұрғындар бірігіп, шаһардың оңтүстік-батысы – Тәкиәда қақпасы аумағына жалпы тазалық жұмыстарын жасады.
Шара барысында қақпа аумағынан 10 қап қоқыс жиналып, жарамсыз шөптерден тазартылды.
«Тәкиә» немесе «Ишан» қақпа деп аталған бұл нысан қала картасына 1864 жылы белгіленген.
Зерттеулерден анықталғанындай қақпа мұнарасы тұрғын-үй есебінде ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр бас жағында пайдаланған. Онда 2009 жылы
сәуір-мамыр айларында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген.
Қақпаның ерекшелігі – мұнаралары төрт бұрышты болып орналасуында, тек бұрыштары тік емес, иіліп, дөңгеленіп келген. Мұндай қақпаның біреуі ХVІІІ ғасыр Бұқарада салынған. Қақпа іргесі өте жақсы сақталған, ішкі бетіне жапсырыла салынған қосымша бөлмелері де, екі жағынан келіп түйісетін қорған қабырғалары да (ені – 2,5 м, биіктігі – 6 м) аршылып зерттелген.
Айта кетейік, республикалық акция аясында облыс орталығында түрлі деңгейде 20 сенбілік ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері, түрлі сала мамандары мен еріктілер, жастар белсенділік көрсетті.
Рухани шаһардағы киелі тарихи орындарда тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін орталықтағы Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен қоқыстардан тазартылып, көгалды аумағына күтім жасалды.
Шараға атсалысқан тұрғындар акция аясында шаһардың қоғамдық орындары тазарып, көркі кіріп қалғанын айтты. Тазалық мәдениетін қалыптастыруда акцияның тәрбиелік мәні зор екенін жеткізіп, түркістандықтарды акцияға үлес қосуға шақырды.
Аталған кешендегі тазалық жұмыстары барысында нысан аумағының газоны реттеліп, 8 қап қоқыс алынды, келушілерге арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялып, тазаланды.
Айта кетейік, шара 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында өтетін республикалық акцияның «Киелі мекен» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Бұған дейін апталық басталғалы Ясауи кесенесі аумағы тазаланып, 62 мыңнан астам гүл егілді. Сонымен қатар, шаһардағы мәдениет ошақтары да өз аумақтарында тазалық жасап, ағаш отырғызып белсенділік танытуда.
Облыс орталығында Бірлік секторының тұрғындары мөлтек аудандағы қоқыс алаңын жойып республикалық акцияға үлес қосуда.
Қоқыс алаңын тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, мыңнан аса жеміс ағашын еккен.
Сектор меңгерушісі Таир Абдувалиевтің айтуынша бұл істі тұрғындар шаһардың көгалдандыру жұмыстарына, тазалығына үлес қосу үшін бірігіп бастаған. Бүгінде бұрынғы қоқыс алаңы тұрғындарды көгалды демалыс аймағына айналды.
Одан бөлек, тұрғындар Нұртас Оңдасынов аллеясында жалпы тазалық жұмыстарын жасады. Саябақ аумағынан 20 қап қоқысты жинап, ескірген орындықтарды бояды. Нысанның көгалды аумағына күтім жасалып, жасыл желегі реттелді.