Жұмысын 2021 жылдың көктемінде бастаған «Түркістан» телеарнасы биыл үш жылдығын атап өтуде. Телеарна аз ғана уақыттың ішінде көрерменнің жүрегіне жол тауып, үш жылдық тарихында «Тұмар» телевизиялық ұлттық байқауда үздік аймақтық арна атанып үлгерген. Бүгінде 18 сағат үздіксіз эфир жүргізіп, 40-тан астам тележобамен көпшіліктің көзайымы атанып жүр.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгін «Түркістан» телеарнасының өкілдерімен кездесіп, арнайы құттықтауын табыстады.
— Қысқа мерзімде билік пен халық арасында алтын көпір түзіп, қоғамдағы оң өзгерістерге елеулі үлес қосып келесіздер. Бүгінгі таңда қоғамдық өміріміздегі, қаламыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы объективті мағлұмат таратуда сіздердің қызметтеріңіз орасан. Осы ретте, рухани астанамызды халықаралық деңгейде танытуға қосып жүрген еселі еңбектеріңізге ерекше алғысымды білдіремін, — деді шаһар басшысы өз құттықтауында.
«Turkistan Media Holding» бас директорының орынбасары Абай Қалыбай рухани астанамыз Түркістанды танытуда, қаланың оң имиджін қалыптастыруда бірлікте атқарылатын жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Түркістан өңірінің айнасына айналған телеарна ұжымына сәттілік тілейміз!