Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ ЖАНДАНА ТҮСТІ

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ ЖАНДАНА ТҮСТІ

Түркістан қаласында қолөнер бұйымдарын жасау ертеден келе жатқан үрдіс. Бұл істі одан әрі жандандыру мақсатында тұрақты түрде қолөнершілер көрмелері, сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Өңірдің қолөнер шеберлері республикалық және халықаралық көрмелерге белсене қатысып келеді.
Атап айтсақ, 2023 жылдың 6-10 ақпан күндері аралығында қолөнер саласына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бірлестік мүшелерінен құралған қолөнер шеберлерінің деллегациясы Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласы мен Ферғана облысында болды. Жұмыс сапары барысында өзбек ұлтының қолөнерімен танысып, тәжірибие алмасты.
Қала қолөнершілері халықаралық ТЮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен жылдың 4-13 мамыр күндері аралығында Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында өткен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» ресми ашылу салтанатына және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты. Бұл іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де болды. Ауқымды іс-шарада көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Қазақстандық делегация жоғары баға алып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленді.
2024 жыл – Қытайдағы «Қазақстанның туризм жылы» болып белгіленді. Осыған орай, 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысының туризм саласының өкілдері мен Қолөнер одағының шеберлер белсене қатысты. Халықаралық көрмеге келушілердің назарына Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қайталанбас қолөнерлер туындылары ұсынылды.
2024 жылдың 7-9 маусым күндері Түркістанда «Шығыс базары» түркі халықтары қолөнер шеберлерінің симпозиумы өтті. «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануына байланысты ұйымдастырылған симпозиумға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің әр аймағынан озық үлгілі 30-ға жуық қолөнер шебері қатысты. Халықаралық шараға қатысушылар зергерлік, керамика, тоқыма, ұлттық киімдер тігу, құрақ тігу, кесте тігу, киіз басу, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу және басқа да қолөнер түрлері бойынша қайталанбас туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Қолөнершілерді қолдау, түркі мемлекеттер арасында мәдени байланысты нығайту және туризмді одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Айта кетейік, Түркістан қаласында «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Одақ құрамында 115 мүше бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінде 475 оқушы өз өнерін шыңдап жатыр.

Пікір жазу