Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қызметке жаңа кіріскен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ғасыр жасаған қариялардың шаңырағына арнайы барып, Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
102 жастағы Аманкүл Марсулова балалық шағын еңбекке беріп, ғұмырын бейнетке арнаған ардақты ана. Бүгінде 34 шөберенің аяулы әжесі.
103-ке аяқ басқан Немет Абдрасилов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңісті жақындатқан жауынгерлердің бірі болған. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері.
Бейбіт заманның тілекшісі — қарт ардагер от кешкен қиямет күндерін еске алып, кейінгі ұрпақтың амандығын тіледі. Қала басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Қадамына сәттілік тіледі.
Әзімбек Пазылбекұлы елдің қазынасы – қариялар екенін айтып, ізгі ниетін жеткізді:
— Өмірі адал еңбекпен өрілген өздеріңіздей дана қарияларымыз аман болсын. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жемісі – аға буынның кешегі ерлігінің және адал еңбегінің нәтижесі. Бабалардың мұрасы – үлкенді құрметтеуді, кішіге жол сілтеуді үйретеді. Осы жолды өздеріңізден кейін де абыроймен жалғастыруды бізге нәсіп етсін, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Пікір жазу