Қалада өңдеу өнеркәсібін жүйелі түрде дамыту экономиканың негізгі басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта өндірістік әлеуетті арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл бастамалар өңір экономикасының тұрақты өсуіне және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға оң әсерін тигізуде, — деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған бағыттағы маңызды жобалардың бірі – құны 7,8 млрд теңгені құрайтын «Sauran Bricks» компаниясының автоклавты газдалған бетон өндіретін зауыты. Жаңа кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталып, жылына 300 мың текше метр құрылыс материалын шығаруға мүмкіндік береді. Өндірістің іске қосылуы құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге жол ашып отыр. Сонымен қатар, жоба аясында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық берілуде. Қазіргі уақытта 2 жаңа өндіріс аймағын құру және қолданыстағы 3 өндіріс аймағының аумағын ұлғайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл аймақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске асқан жағдайда өңірде шамамен 13 мың жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлік белсенділік айтарлықтай артады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында оңтүстік өңір үшін стратегиялық маңызы бар логистикалық «Өңірлік хаб» қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Осы тапсырма аясында қолданыстағы сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама өңірдің транзиттік және логистикалық әлеуетін күшейтіп, тауар айналымының артуына, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін болады.
Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібіндегі аталған жобалар мен бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жоғары қосылған құны бар өнім үлесін арттыруға және ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуға берік негіз қалайды.
© Didarbek.kz
