Шымкент қаласы әкімдігінің басым бағыттарының бірі – тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мәлімдеуінше, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инженерлік желілерді жаңарту, жол инфрақұрылымын дамыту және жаңа тұрғын үй аудандарын сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биылғы жылы Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран, Азат және Құрсай шағын аудандарында 24 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым жаңа су құбыры тартылып, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылды. Бұл шаралар тұрғындар үшін сенімді және үздіксіз су жеткізуді қамтамасыз етеді, — деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

Электр энергиясының тапшылығын жою және сапасын арттыру мақсатында «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға беріліп, «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығы арттырылды. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық тұрғын мен өндіріс орындары тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Табиғи газбен қамту аясында шағын аудандарда 25 мыңға жуық тұрғын жаңа жүйелерге қосылды. «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы газ желілеріндегі ақаулар анықталып, 107 шақырым құбырдағы 67 ақау қалпына келтірілді.
Қалада жүргізілген осы жұмыстардың нәтижесінде Шымкент тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен, 100%-ы электр энергиясымен, 98%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілді. Әкімнің айтуынша, бұл шаралар тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, қаланың заманауи және қолайлы өмір ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қалада жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. 1 000 шақырымнан астам жол асфальтталды, А-2 айналма жолы жаңартылып, жаңа көпірлер мен өткелдер салынып жатыр. Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық стандарттарға сай мультимодальды хабқа айналдыру жобалары іске асырылуда. Бұл жұмыстар Шымкенттің логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, өңірлік хаб ретінде дамуына серпін береді.
© Didarbek.kz