Шымкент қаласында білім беру саласында үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның екеуі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 10 мектеп пен 1 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 14 жаңа медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мың адамға дейін төмендеді. Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдайтын және қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесінің патологияларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін «PACS Systems» жасанды интеллект жүйесі енгізілді.

Сондай-ақ, шұғыл көмек көрсету қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл үш шағын ауданда сервистік орталықтар салынды. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасқан, бұл тұрғындарға қауіпсіздік пен жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қала әкімінің атап өтуінше, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт инфрақұрылымына қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жаңа спорт алаңдары мен спорт кешендері салынуда, сондай-ақ қалалық балабақшалар мен мектептердің аумақтары абаттандырылады, бұл балалар мен жасөспірімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
© Didarbek.kz