Сауран ауданында тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. «Басқармалар үйінде» аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте су жүйесінің жай-күйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының дамуы, сондай-ақ 2025 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2026 жылға арналған нақты жоспарлар назарға алынды.

Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Сауран Су» МКК-ның қызметіне арналды. Кәсіпорын басшысы Мақсат Жарменов өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, су жүйесін жаңғырту бағытында қолға алынған жобалар, қызмет көрсету сапасын арттыру және алдағы кезеңге межеленген шаралар туралы баяндады. Аудан бойынша ауызсу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, тозығы жеткен инфрақұрылымды ретке келтіру, апаттық жағдайлардың алдын алу секілді маңызды бағыттар сөз болды. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындарға тұрақты әрі сапалы су жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жұмысына арналды. Бөлім басшысы Қанағат Асылбек тұрғын үй қорын жаңарту, көпқабатты үйлердің күтімін жақсарту, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылған істерді тілге тиек етті. Сонымен қатар 2026 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары ұсынылып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың басымдықтары айқындалды.
Мәжіліс барысында қатысушылар тарапынан инфрақұрылымға қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды. Кейбір елді мекендердегі су желілерінің тозуы, қызмет сапасын бақылау, абаттандыру жұмыстарының мерзімі мен тиімділігі төңірегінде пікір алмасу болды. Баяндамашылар көтерілген мәселелерге байланысты түсіндірме беріп, оларды шешудің жолдарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеп, әр бағыт бойынша бақылау мен есептілікті күшейтуді тапсырды. Атқарылатын жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы қатаң назарда болатыны ескертілді. Бұл басқосу Сауран Ауданында инфрақұрылымды жүйелі дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың белгісі болды.
© Didarbek.kz