Шымкентте 3 әлеуметтік маңызды бағытта жүретін 30 автобустың таныстырылымы өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастаған депутаттар, әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
— Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Уақыт өткен сайын шаһарда қоғамдық көліктердің қызметіне қойылар талап пен міндет салмағы арта түсуде. 2017 жылдың соңына қарай қала әкімдігінің басқарушы құрамы бір ай көлемінде қызмет орнына қоғамдық көлікпен қатынаған болатын. Соның нәтижесінде, қоғамдық көлік саласында бірқатар өзекті мәселелерді анықталды. Солардың бірі — қалада шалғай жатқан және жолаушылар ағымы төмен шағынаудандардың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта әлеуметтік маңызы бар 10 бағыт анықталып, соның алғашқы 3 бағытында жүретін 30 автобусты таныстырып отырмыз. Сондай-ақ, «T-bus» ЖШС қалған 70 автобусты алып келуге міндет алып отыр, — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарына 26 көлік компаниясы 70 бағытта 1100 көлікпен қызмет көрсетуде. Әкім, сонымен қатар, қаладағы автопарктерді жаңарту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Ал бұл өз кезегінде қала тұрғындарына сапалы қызметті ұсынуға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.