Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында бірқатар маңызды құрылыс нысандарындағы жұмыстардың барысын тексерді.
Алдымен Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысына барды. Нысан басында жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері мен құрылыстың алдағы кезеңдері талқыланды. Қала әкімі өндірістік ресурстарды арттырып, құрылыс қарқынын жеделдету және жұмыстарды белгіленген кестеден кешіктірмей орындау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар Еңбекші ауданында МПС көшесі, 26-үйде бұған дейін тұрған 6 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Тұрғын үй Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы аясында берілді. Тұжырымдама іске асырыла бастағаннан бері жаңа пәтерлерге 128 отбасы қоныстанды.
Көп пәтерлі үйлер Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарында орналасқан. Пәтерлер таза әрлеумен беріліп, қоныстануға толық дайын. Баспананы бөлу кезінде отбасылардың бұрынғы пәтерінің ауданы мен бөлмелер саны ескеріледі. Бұл отбасылардың қалыптасқан тұрмыс жағдайын сақтауға мүмкіндік береді.
Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтап, шаңырақтарына береке-бірлік, жайлылық пен жылулық тіледі.
Қала әкімі Жаңарту тұжырымдамасының механизмі, соның ішінде жеке үйлердің иелерінің инвестиция жұмылдырылған соң қатысу мүмкіндігі туралы айтты.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын Реновация бағдарламасы аясында заманауи әрі жайлы пәтерлерге көшіру. Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарында орналасқан көпқабатты үйлер қоныстануға толық дайын.
Жаңа қоныстанушыларды құттықтап, отбасыларына амандық, шаңырақтарына береке мен жылулық тіленді. Тұрғындарға жаңғырту тұжырымдамасының талаптары мен жүзеге асу тетіктері түсіндірілді. Оның ішінде инвесторлар тартылғаннан кейін жеке тұрғын үй иелерінің де жобаға қатысу мүмкіндігі айтылды.
Айта кетейік, Көксай шағынауданын жаңарту тек тозығы жеткен үйлер қорын кезең-кезеңімен жаңартуды ғана емес, сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, аумақты абаттандыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыруды көздейді.
Бұдан бөлек Қапал батыр көшесі мен Қонаев даңғылының жалғасы – V кезең құрылысының барысы тексерілді. Қазір учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жол төсемі мен инженерлік коммуникациялар тартылуда. Мердігер ұйымдарға жұмыстарды жеделдетіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.