Шымкент қаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 1 жыл толуына орай «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты республикалық жиын өтті. Жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, еліміздегі ғалымдар, қаламгерлер мен журналистер және өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлттың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстанда болған басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өңірде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер мен жоспарлар талқыланды.
Сондай-ақ, жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облысымызда орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер жайын баяндап берді.
Рухани құндылықтың жандануына бағытталған отырыста жазушы, драматург Мархабат Байғұт, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сынды еліміздің бірқатар азаматтары сөз алып, өз ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев «Рухани жаңғыру» – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін айтып, осы жұмыстарды «Мәңгілік ел» үшін бірлесіп атқаруға шақырды.