Бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қаланың тыныс–тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде мәлім етті. 2017 жылы Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында біршама оң өзгерістер болған. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары басталып, мөлтек аудандардың инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, пайдалануға берілген. Өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында инвесторлар тартылып, өңдіру және өңдеу өндірісі қолға алынып, кен орындарына барлау жұмыстары басталған.
Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2953 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға өскен. Өндірген өнімдері мен жасаған қызметтерінің сомасы 18,9 миллиард теңгеге жетіп, 7,6 пайызға артқан.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында қаржы институттары арқылы 259,0 миллион теңгеге 95 жоба несиелендірілген. Жалпы, қаланың тынымсыз тіршілігінде тындырымды тірліктер баршылық.
(Ә.Ә.)
Асхат Әссандидің фоторепортажы