Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының және облыстық Бейнелеу өнері музейінің қолдауымен, Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тау самалы» демалыс аймағында «КАSKASU» халықаралық суретшілерінің плэнері басталды. 5 күндік іс-шара барысында 6 елден келген 26-ға тарта қылқалам шеберлері 100 өнер туындысын жасап шығарады деп күтілуде.
Плэнерге Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбе кстан, Әзірбайжан және Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз қалаларынан және Түркістан облысынан арнайы білімі бар кәсіби суретшілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР «Көркем» академиясының мүшелері және өнер профессорлары қатысуда.
Қылқалам шеберлері бес күн көлемінде бірнеше шығармашылық топқа бөлініп,
Төлеби ауданы аумағындағы қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштер мен тарихи орындарды, яғни «Ғайып Ерен Қырық Шілтен», «Қазығұрт», «Турбаза» аймақтарында этюдтік жұмыстар жасаса, келесі шығармашылық топтар Ақсу-Жабағылы қорығы аумағында, Сайрам ауданының тарихи қалашығында, Түркістан, Кентау, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қаратаудың Хан тағы аймағында, Созақ, Бәйдібек аудандарының «Баба түкті шашты Әзіз», «Домалақ ана» кесенелерінде, «Ордабасы» мемориалды кешенінде, Мақтарал, Жетісай, Шардара ауданындарында этюдтік жұмыстар жасайды.
27 шілде күні «Тау самалы» демалыс аймағында плэнер барысында жазылған жұмыстар аяқталып, гала-концертке жалғасады.
(Ә.Ә.)
Асхат Әссандидің фоторепортажы