Түркістан облысында жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын және сауықтырылуын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала сыртында 24 лагерь мен 905 мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасауда. Биылғы жаз мезгілінде оқушыларды барлық сауықтыру және демалыс шараларының түрлерімен қамту 95-ға пайызға жетпек. Бұл туралы Түркістан облыстық баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда 4 ауысыммен баланы қабылдап жатқан қала сыртындағы лагерлерде 15 мыңнан астам бала сауықтырылды. Ал 17 мыңға жуық бала шілде, тамыз айларында аталған лагерлерде демалдыру жоспарланған. Бұдан бөлек, 905 мектеп жанындағы лагерде 193 мыңнан астам оқушы жазғы уақытын тиімді өткізген. Бұл өңірдегі оқушылардың 32,2 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданындағы «Самал» лагерінде облыстағы бес балалар үйінің 350-ге жуық тәрбиеленушілері жаз бойы демалады.
Бұған қоса, жаз бойы балаларды экскурсия, саяхатқа апару жұмысы жалғасын табуда. Балалар биылғы аусым, шілде айларында «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік жобасы негізінде Астана қаласына және туған елдің мәдениеті мен тарихын неғұрлым терең зерделеу, тарихи орындардың алуан түрлілігі мен ерекшеліктері туралы білім алу мақсатында Қостанай облысы Арқалық қаласына саяхатқа барып қайтты.