Бәйдібек ауданында Астананың 20 жылдық мерекесіне орай, 20 отбасыға 20 тұрғын үйдің кілті тапсырылды. Сонымен қатар, аудан орталығы Шаян ауылында 55 гектар жер телімінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының лентасы қиылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Б.Танагөзов тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Бұл игі істер Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен облыс әкімдігінің жүйелі жұмысының арқасында атқарылғаны айтылды.
20 тұрғын үйдің бірін иеленген жалғыз басты қарт ана Л.Березовская мен аудандық орталық аурухананың дәрігері Ж.Бейсенов аудан басшылығына өз алғыстарын білдіріп, баспаналарына қонаққа шақырды. Бұл үйлер «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында ашылып отыр, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, Бәйдібек ауданында жеке құрылысшы мердігерлердің есебінен 2 қабатты 10 пәтерлі 3 қызметтік тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, арнайы сараптамадан өтіп жатыр. Биыл Шаян, Мыңбұлақ, Боралдай елді мекендерінде осы үйлердің құрылысы басталады. Сонымен қатар, аудан орталығынан салынатын 2 қабатты 16 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында азаматтарды жеке тұрғын үйге қажетті жер телімдерімен қамтамасыз ету мақсатында құрылысы жүргізілген 55 гектар жер телімінің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымында 326 учаске белгіленген. Енді Шаян ауылдық округіндегі кезекте тұрған 1020 тұрғынның 326-ы осы жер телімімен қамтамасыз етілетін болды. Сонымен қатар, сол учаскеде бас жоспарға сәйкес, мектеп пен балабақша бой көтереді. Аталған жер учаскесінде аяқ жол және автокөлік жолдары, суағарлар салынған, ауыз су құбыры тартылып, электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта осы аумақта шаңа шағынаудан пайда болғалы тұр.
Алдағы уақытта аудан орталығында бас жоспарға сәйкес тағы да 100 гектар жерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға берілмек.