Сот шешіміне байланысты Шымкенттегі «Қырғы базар» маңындағы заңсыз орнатылған дүңгіршектер алынды. Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімдігінде өткен арнайы брифингте алдын ала айтылды.
– Шаһар басшысы Ғ.Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, Төле би көшесінің бойында орналасқан «Қырғы» базар маңын ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Бұған дейін Шымқалада орналасқан 8 базар басшысымен екі жақты меморандум түзілген болатын. Осы меморандум аясында базар аумағындағы бос сауда орындары ұсынылып, қазіргі таңда 35 саудагер «Қырғы базарға», 8 саудагер «Автонұр» базарына орналастырылды, — деді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.
Айта кету керек, жаңа орындарды аталған сатушылар үш ай бойы тегін пайдаланады. Бұған қоса бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру және жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылады.
Көп жылдардан бері Төле би көшесінің бойында орналасқан сауда қатарлары көлік жолына дейін шығып, қозғалысқа біршама қиындық тудырып, бұл өзекті мәселеге айналған болатын.