«Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы филиалының кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалының төрағасы Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы төрағалық етіп, жүргізді.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселелер — «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы филиалы төрағасының орынбасарларын тағайындау болатын. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы Саяси кеңесі Бюросының ұсынысымен, Партия төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаевтың бұйрығына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы тағайындалды.
Бахадыр Мәдәліұлы — 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі — жоғары. Еңбек жолын 1999 жылы училищеде оқытушы болып бастаған.
2001 жылы мемлекеттік қызметке өтіп, ОҚО ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында жұмыс атқарған.
2004 жылы — мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаментінде, 2006 жылы Президент Әкімшілігінде ішкі саясат басқармасында қызмет істеген.
2006-2008 жылдары облыстық ішкі саясат департаментінің директоры болған. 2009 жылы Президент — Әкімшілігі баспасөз хатшылығының ұйымдастыру секторының меңгерушісі, 2010 жылы Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, 2010-2015 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
2015 жылдың қазан айынан бүгінгі күнге дейін «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша газ тасымалдау басқармасының директоры қызметін атқарып келді.
Партия филиалының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов жаңа орынбасардың жұмысына сәттілік тіледі.