Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды

Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінде өткен селекторлық жиында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдеріне айтып, ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ендігі кезекте облыстың экономикалық драйвері ауыл шаруашылығы саласы екенін алға тартқан әкім саланы мықтап қолға алу қажеттілігін міндеттеді.

Күн тәртібі бойынша «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы (АӨК) даму бағдарламасының» 2018 жылдың 6 айының қорытындысын жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков саладағы атқарылған істерге тоқталды.

«Өткен жарты жылдықтағы саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд.тг құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. тг. артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 %-ды құрап, 2 орынға ие. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап 18,2 % артты. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде, — деді басқарма басшысы.

2018 жылдың І жарты жылдығында жеткен саладағы өзге де жұмыстарды баяндаған С.Тұрбековке аймақ басшысы соңғы әкімшілік аумақтық өзгерістерге байланысты Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қандай бағыттарға басымдық берілетінін сұрады. Облыстағы жасыл белдеу аймағын ұлғайтып, мал шаруашылығы саласы мен тамшылатып суғару жүйесін мықтап қолға алу қажет деген басқарма басшысының жауабына қанағаттанбаған әкім жан-жақтан ғалымдарды шақырып, кешенді тұжырымдама жасамаса, саладағы жұмыстардың ақсайтынына алаңдаушылық білдірді.

Басқосуда осы сынды өзге де тапсырмалар жүктеген облыс басшысы су шаруашылығы нысандарының да республикалық меншікке өткізу жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді. Сондай-ақ, ақ алтынды аймақ саналатын өңірімізде мақта зиянкестерімен күресуге бөлінетін препараттардың шаруаларға жеткізілуін қамтамасыз ету мәселесін реттеуді тапсырды.

Пікір жазу