Түркістан облысында мектеп оқушыларына арналған «өлкетану» оқулығы шығарылуда.
Бұл туралы бүгін Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы брифинг өткізілді. Брифингте облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.
Қазіргі таңда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары бойынша 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында биыл философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 18 оқулық аударылды. Қазіргі уақытта келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасып жатыр.
Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Сатылымда жоқ. Алғашқы 18 оқулық 10 мың данадан басылып, 110 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Оның ішінде, Түркістан облысына 16000 дана кітап берілген. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындап жатыр. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ Ұлттық аударма бюросы әр кітап негізінде жеке-жеке 20 минуттық видеолекциялар топтамасын түсіріп жатыр.
Түркістан облысының қасиетті, киелі орындарының аңыз-әңгімелер жинағын шығаруға облыстық бюджет есебінен 5 млн. 580 мың теңге қаржы қаралып, бүгінде «Оңтүстіктің қасиетті орындары:аңыз-әпсаналар» атты 300- ге жуық аңыз-әңгімелер жинағы шықты.
Жобалық кеңсенің байыпты бастамаларының бірі — «Алтын ұям» жобасы бойынша 9 980 000 теңгенің жұмысы жасалып, әрбір азаматтың туған ортасына деген құрметі өз жемісін берді. Яғни, мектепті бірнеше жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздері білім алған орданың абаттануына және техникалық базасының жақсаруына қолқабыс көрсетуі.