Бүгін Түркістан облысында «Бұл — біздің таулар!» фестивалі басталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Үш күнге созылатын іс-шара «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында өтеді. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған фестивальге Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист арнайы келген. Биік шыңдарды бағындыруға бет алған альпинистерге Түркістан облысының ақсақалдары батасын беріп, салтанатты түрде шығарып салды.
Бұл іс-шараның мақсаты – ішкі, спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Биылғы фестиваль қазақ халқының ұлы қайраткерлері — Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арналған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 шыңға 3 бидің аты беріліп, альпинистер сол 3 шыңды бағындырады.
Фестиваль аясында велошеру және ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Сонымен қатар, фестифаль аясында өтетін концерттік бағдарлама да бар.