Түркістан облыстық көрме орталығында «Көше атауының маңыздылығы» тақырыбында ономастика саласындағы жұмыстар сарапқа салынған жиын болып өтті.
Жиынға аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, ономастика саласының жауапты мамандары мен сәулет, қала құрылысы бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Тақырыптан тарихи жер-су атауларының ұлттық танымға жақын болу мәселелері де тыс қалған жоқ.
Жалпы көшеге ат берудің өз заңдылығы бар. Алайда, соңғы кездері жақын туыстарының атауын ауыл, көше, мектепке беру мәселесі жиілеп кетті. Бұл тұрғыда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Президент әкімшілігінің келісімімен жасалынған тарихи тұлғалар, дәстүрлі тұлғалар тізіміне сәйкес жұмыс жүргізуде. Қазір бұл келеңсіздіктер тоқтатылып, ат беру мәселесі басқарманың ономастика бөлімінің шешімімен жүзеге асуда. Жауапты басқарма қызмекерлері аталған тізімге сай, атаулар облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімімен бекітіліп, жер-су аттары беріліп жатқандығын айтып өтті.