Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, cағыныштың белгісіндей болған сары күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге басталған кезекті оқу жылында бала біткен мектепке қарай асығып, алтын ұя мектебімен сағына қауышатыны белгілі.
1 қыркүйек – білім күні мерекесін Отырар ауданы да ерекше салтанатпен атап өтті.
Аудан әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы
Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының «Сыңғырла күміс қоңырау» іс-шарасына қатысып, оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
«-Өткен оқу жылында ауданның бітіруші түлектерінің 71 пайызы немесе 514 оқушы ҰБТ-ке қатысса, тест қорытындысы бойынша жалпы орта балл 90,4 балды құрап облыс көлемінде алғашқы орынға шықтық. Бұл ұстаздардың талмай еткен еңбектерінің жемісі деп білемін. Ұстаз — келер күннің ұстасы. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ендеше баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!,-деді аудан басшысы.
Өткен оқу жылында Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатынан 47 түлек түлеп шығып, одан ҰБТ-ға қатысқан 40 оқушының орта балы 98,3 балды құрап, мектеп абыройын асқақтатқан болатын. Бұл көрсеткіш аудан рейтингісін көтеріп, Отырар ауданы облыс көлемінде ең жоғарғы нәтижені көрсетті. Аудан бойынша 325 оқушы мемлекеттік грант иегері атанып, бұл ҰБТ-ге қатысқан оқушының 63 % пайызын құраса, Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының 29 түлегі мемлекеттік грант иегері атанып, яғни 73 пайызбен аудан рейтингісінде көш бастап тұр. Сонымен қатар, 2017-2018 оқу жылында мектептің 1 сыныбына 44 оқушы қабылданса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 49 балаға артып, 93 оқушы мектеп табалдырығын аттады.
Шара барысында ардагер ұстаз Абдулла Ордабаев пен аудандық мәслихат депутаты Аралбай Асан мерекеге қатысушыларды Білім күнімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң «Күміс қоңырау» қойылымы көрсетіліп, мектептің өнерлі өрендері «Мектебім», «Алғашқы қоңырау», «Туған жер» әндерін орындады. Білім күнінде 11-сынып оқушысы Айдана Тұран мен 1-сыныпқа қабылданған Елжан Баяхметов алғашқы қоңырауды соғып, білім ұясындағы алғашқы қоңырау үні оқушылардың көңіліне қуаныш ұялатты.
Мерекелік шардан соң аудан әкімі Ерлан Айтаханов мектептің 1-сынып және 11-сынып оқушыларының сабағына кіріп, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, бүгінгі күні Отырар ауданы бойынша 1250 оқушы бірінші сынып табалдырығын аттады.