1 қыркүйек — Білім күні қарсаңында Түркістан облысы Ордабасы ауданында 3 мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Шәкірттері жаңа мектеп ғимаратына кірген білім ордаларының бірқатары Ордабасы ауданында орналасқан. 2018-2019 жылғы жаңа оқу жылында аталған ауданда 3 мектептің жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. Солардың бірі 35 мыңнан астам тұрғыны бар Шұбарсу ауылынан ашылды. 600 орындық жаңа ғимаратқа қоныс аудару салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы барып, таяу жылдары ауданда үш ауысымда білім беру мәселесі толықтай шешілетінін жеткізді.
Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Ордабасы ауданы бойынша 28 жаңа мектеп ғимараты салынып пайдалануға берілсе, оның 5-уі осы Шұбарсу елді мекенінде екен. Келесі жылы, осы Шұбарсу елдімекенінде тағы бір мектептің құрлысын салу үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. «Достық» мектебі құрылысының конкурстық құны 831745 мың теңгені құраған. Оған ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бір жылда салынып біткен ғимараттың жалпы алаңы – 6949,6 шаршы метр. Мұнда 1180 оқушы оқиды. Оларға 120 ұстаз білім береді. Үш қабатты мектепте 24 оқу кабинеті, химия, физика, биология зертханалары, мультимедиялы-лингофонды және компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар, кітапхана мен оқу залымен қамтылған.