Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Келес ауданында алғашқы қоңырау соғылды

Келес ауданында алғашқы қоңырау соғылды

1 қыркүйек Білім күні мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Жалпы аудан бойынша 63 мектеп болса, 49 жалпы орта мектеп, 9 бастауыш, ал 5-еуі негізгі мектеп болып табылады. 2018-2019 жаңа оқу жылында 3206 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттаса, 1772 оқушы 11 – сыныпты бітіретіндер.


Бүгін 1 – қырқүйек білім күні мерекесінде Келес ауданы Абай ауылындағы №110 жалпы орта мектепте салтанатты шара өтіп, жиынға аудан әкімі А.Есбаев, аудандық білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімі басшының м.а. М.Омаров, Абай ауылы әкімі Е.Абдирахманов қатысты. Аталмыш білім ордасы 2009 жылы Елбасымыздың «100 мектеп 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламысы бойынша құрылған. Білім ордасында биыл 638 шәкірт білім алады. Оның ішінде бірінші сыныпқа келген 58 бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылып, жоғары сынып оқушылары да оқу жылының басталуымен бір-бірін құттықтауда. Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Мектеп директоры П.Айтқұлов жаңа оқу жылында жаңа табыстарға жетуге тілектестігін білдіріп, өткен оқу жылының жетістіктерін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі А.Есбаев:- Құрметті оқушылар! Елдің ертеңі, жарқын болашағы өздеріңсіңдер. Дәл қазір сендердің білім мен өнерді, спортты үйренетін кездерің. Алтын уақыттарыңды пайдалы істерге жұмсауға үйреніңдер. Елбасымыз Н.Назарбаев «Мұғалім балаларды қалай тәрбиелесе, мемлекетіміз солай болады» деген болатын. Ендеше сол ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын балаларымыз білімді, білікті азамат болып қалыптассын,- деп тілек білдірді. Жиын соңында аудан әкімі 1 – сынып оқушыларына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыйлығын тарту етті.

Пікір жазу