Жетісай ауданына қарасты Мақталы ауыл округіндегі ең өзекті мәселе – ауыз су. Округ бойынша барлығы 11 елдімекен бар болса, оның 10-ы ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ал қалған 1 елдімекен ауыз суды тасмалдап ішіп отыр. Алайда Мақталы, Чехов және Жайлаукөл ауылдарының ауыз су құбырларының әбден тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұдан бөлек, округтегі 47 дренаж жарамсыз күйге түскен. Соның салдарынан округке қарасты егістік жерлердің сорланып кету қаупі туындап отыр. Осы және өзге де өзекті мәселелер Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың округ халқымен кездесуінде әңгіме арқауына айналды.
1957 жылы құрылған округтің жалпы жер көлемі 10 мың 22 гектарды құрайды. Оның 8200 гектары егістік жер саналады. Мұнда тұрып жатқан халық саны қазіргі таңда 9033-ке жетіп отыр. Биыл округте 5345 гектар жерге мақта, 699 гектарға дәндік жүгері, 1254 гектарға бақша, 256 гектарға көкөніс, 174 гектарға ескі жоңашқа, 186 гектарға сүрмелдік жүрегі, 210 гектарға күріш егілген. Биыл мұндағы 9 шаруа қожалығы «Ырыс» микрокредиттік ұйымынан жалпы сомасы 6 млн 500 мың теңге көлемінде несие алып тірлігін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ, шаруаларға соңғы 7 айда 205 тонна жанар-жағармай, 1420 тонна минералды тыңайтқыш таратылып берілген. Десек те, округте ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жұмыстарында кемшіліктер жоқ емес. Нақтырақ айтсақ, 1000 гектарға жуық егістік жердің иелері анықталмай отыр. Осы олқылықтарға қаныққан аудан әкімі егістік жерлерді цифрландыру жұмыстарын тез арада аяқтап, мақтаның тоннасы берілетін субсидияны әр шаруаның дер кезінде алуына жағдай жасау керектігін ескертті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары жерлердің сорланып бара жатқанын, оған дренаждардың істен шығуы себеп болып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, жерасты суларының тартылып, ауыз судың тұзданып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы ретте аудан әкімі округ басшылығына алдағы қазан айына дейін аталған салалардағы ұсыныстарын әзірлеп, сметалық құжаттарын бекітіп, тиісті орындарға жолдауды тапсырды.