Бүгін Мақтаарал ауданы аумағында орналасқан «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС базасында мақта дақылын дефолиациялау және жиын-терім науқанына дайындық барысы туралы облыстық семинар- кеңес өтті. Шараға Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев, Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов, «Қазсушар» ОҚС Мақтарал өндірістік бөлімше басшылары, жанар-жағармай жеткізіп беруші операторлар, дефолианттарды жеткізіп беруші мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның мақсаты – күзгі мақта терім науқанына дайындық жұмыстарын пысықтап, тиімді әрі нәтижелі етіп аяқтау. Сондай-ақ, мақта қабылдау бекеттері мен мақта зауыттарындағы зертханалық жұмыстарды күшейту. Шарада мақта бағасының тұрақты әрі шаруаларға тиімді болуын қамтамасыз ету мәселесі, жиын-терім жұмыстарына қажетті техникалардың дайындығы, мақтаны қурату арқылы өнімді ертерек жинап алу төңірегінде әңгіме қозғалды.
Семинарда сөз алған аудан әкімі мақта қабылдау бекеттеріндегі таразылардың дұрыстығын бақылау қажеттігін және техникалық қауіпсіздік шараларына аса мән беру қажеттігіне тоқталды.
«Мақтаны қуарату жұмыстарына кіріспесек, кешігіп қалуымыз әбден мүмкін. Егер бұл жұмыстарды кешіктірсек, 5-7 центнерге дейін өнім төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан суару жұмыстарын тоқтатып, мақтаны қуратуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Оның үстіне биыл күз ерте түсті. Әзірдің өзінде ауа-райы түнгі мезгілде 15-16 градусқа дейін төмендеп жатыр. Яғни бұл биыл қыс ерте түседі деген сөз», — деді аудан әкімі.
Семинарға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, терім жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша мамандардың пікірін тыңдады.