Бүгін Білім күні мерекесінде Жетісай ауданындағы 70 мектепте 43 мың 159 оқушының қатысуымен алғашқы қоңырау соғылды. Оның 3100-і 11-сыныптың, ал 9 мыңдайы 1-сыныптың табалдырығын аттап отыр. Сондай-ақ, 5634 педагог оқу-тәрбие жұмыстарына кірісті. Ендігі міндет – шәкірттерге сапалы ілім беріп, жан-жақты білім иесі етіп тәрбиелеу.
Бүгін бұл туралы Қызылқұм ауылдық округі Ақтөбе ауылындағы 300 орындық №126 жалпы орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау салтанатты жиынында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бүгін ақтөбелік ата-аналар «Жаңадан салынған мектебіміз аудан тарихында қалатын болды» деп ерекше қуануда. Айтатындай-ақ бар. Аталған білім ұясының лентасын 24-тамыз күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кессе, бүгінгі алғашқы қоңырау шарасына аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың өзі арнайы қатысты. Ақтөбеліктердің қуанышына ортақтасқан аудан басшысы жаңа мектеп ұжымына артылар сенім де зор екенін ескертті.
Жаңа мектептегі оқу күні «Қазақстаным – жүрегім, Түркістаным – тірегім» атты ашық сабақпен бастау алды. Ашық сабаққа аудан басшысы да қатысып, оқушылармен тілдесті.