Шымкент қаласындағы «Ордабасы» алаңынан Ордабасы тауына дейін рухани жаңғырудың бір көрінісіндей «Билерге тағзым» велошеруі өтті.
Өткен сенбі күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты мен облыс әкімдігі бірлесіп, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Билерге тағзым» атты дәстүрлі велошеруі өтті.
Таңертең Шымкент қаласының «Ордабасы» алаңынан басталған іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жергілікті билік «Туған жер» бағдарла-масын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. «Туған жер» бағдар-ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы керек.» – деген болатын. Осы жобаны іске асыру мақсатында, облыс әкімдігі мен облыстық сот және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен бұдан екі жыл бұрын облыстық сот өткізген «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты велошеруі дәстүрлі түрде жалғасын тауып, бүгін Ордабасы алаңынан басталғалы тұр. Велошеруге облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары және жергілікті мәслихат депутаттары мен жастар, барлығы 120-дан астам адам қатысып отырғанын айтты.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов: «2015 жылы біз Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орай «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты велошеру ұйымдастырып, облыстық соттың алдындағы «Үш би» ескерткішінен бастап, Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне дейін барған едік. Бұл игі шараны былтыр облыс әкімдігі мен мәслихаты қолдап, облыстағы биліктің үш тармағы болып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған велошеру Бәйдібек би ескерткіші алаңынан басталып, Ордабасы тауында аяқталған болатын. Ал, бүгін өтіп жатқан велошеру Мемлекет басшысының мақаласында айтылған рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір көрінісі деуге болады. Осы ретте, мен, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласындағы: «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.» деген сөздеріне сіздердің ойларыңызды аударғым келеді. Сондықтан да, бұл велошеру «Мәңгілік ел» идеясы аясында Ұлы Даланың тарихын, соның ішінде 1726 жылы барша қазақтың басын қосқан Ордабасы тауындағы тарихи жиынды насихаттайтын маңызды іс-шараекені анық. Велошеруге қатысушыларға жолдарыңыз болсын дей отырып, бірлігі бекем елдің келешегі кемел дегендей, биліктің үш тармағының өкілдері, біздер әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, болашаққа бірге қадам баса берейік ағайын!» – деді.
Жергілікті мәслихат депутаттары атынан Өмірзақ Мелдеханов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, велошеруге қатысушыларға сәтті сапар тіледі. Түске таяу велосипедшілер республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетіп, оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Одан әрі Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументінде салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков қатысушыларға алғысын білдірді. Содан кейін сөз алған Н.Шәріпов, Ө.Мелдеханов және Е.Садыр қатысушыларды велошерудің сәтті аяқталуымен құттықтап, мұндай іс-шараның Ұлы Даланың тарихын, соның ішінде бұдан 291 жыл бұрын өткен Ордабасы тауындағы тарихи жиынды насихаттаудағы маңыздылығына және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі мәні зор екендігіне тоқталып, жиналған қауымға өмірде жетістіктер мен жақсылықтар тіледі. Жиын соңында ауылдың имамы Айдос Абылайханұлы бабалар рухына арнап Құран бағыштады.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
ОҚО сотының бөлім басшысы