Келес аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғындар арызданып келеді. Олар өз арыздарында жұмысқа орналастырып беремін деп уәде берген ер азаматқа сенім білдіріп, сұраған ақшасын күмәнсіз қолма-қол тапсырғандарын жазады.
Осылайша полицейлер арыздарды СДТБТ-ға тіркеуге алып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғайды. Қылмыстық іспен Келес аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлері айналысады. Жәбірленушілерге 2 миллионнан астам шығын келген. Күдікті көп ұзамай полицейлердің қолына түсті. Оның жетісайлық тұрғын екендігі анықталды.
Тәртіп сақшылары қылмыстық істің біртіндеп ашылып жатқан тұстарын ескеріп, тергеу ісін жоғары деңгейде атқарады. Нәтижесінде күдіктіге қатысты алаяқтықтың 5 жайты ашылды.
Келестік сақшылар күдікті тұлғаның бұрын дәл осы баппен сотты болғандығын және бұдан да басқа қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігін айтуда. Қазіргі уақытта тергеп тексеру амалдары жалғасуда.
Бүгінде мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін немесе жұмысқа орналастырамын деп алаяқтық жолмен азаматтарды сан соқтырып кететіндер аз емес. Сондықтан Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері тұрғындарға мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егерде сіз осындай қылмыстардың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі «102» нөміріне хабарласыңыз.